Денсаулық сақтау саласындағы басты басымдық-алғашқы медициналық-санитарлық көмекті дамытуға берілетіндігі елбасы жолдауында айрықша атап өтілді. Сөз жоқ, бұл бір күнде, бір мезетте іске аса қалатын шаруа емес. Ол үшін алдымен әр адамның өз денсаулығына деген жауапкершілігін көтеру қажет. «ол үшін не істеу керек?» деген мәселе аудандық ардагерлер кеңесі бөлмесінде өткен кезекті «қарттардың денсаулық мектебінде» «өз ғұмырың-өз қолыңда» тақырыбмен өткен кезекті сабақта талқыға түсті.
Денсаулық сақтау саласындағы басты басымдық-алғашқы медициналық-санитарлық көмекті дамытуға берілетіндігі елбасы жолдауында айрықша атап өтілді. Сөз жоқ, бұл бір күнде, бір мезетте іске аса қалатын шаруа емес. Ол үшін алдымен әр адамның өз денсаулығына деген жауапкершілігін көтеру қажет. «ол үшін не істеу керек?» деген мәселе аудандық ардагерлер кеңесі бөлмесінде өткен кезекті «қарттардың денсаулық мектебінде» «өз ғұмырың-өз қолыңда» тақырыбмен өткен кезекті сабақта талқыға түсті.
Бір атап өтуге болатын оң құбылыс-үлкендер мен дәрігерлердің бұл кездесуіне қатынасушылар қатары көп болды. Алдымен медбике Самал Демесқалиева кездесуге қатынасушылардың қан қысымы мен құрамын тексеріп, дәрігерлік кеңестер берді. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ө.Нұриев бұл шараға үлкендердің белсене қатынасуын ұйымдастыруымен қатар, осы бағытта Елбасының Жолдауында қойылған міндеттермен таныстырды. Атап өту керек, ардагерлердің де арасында салауатты өмір салтын ұстанып, жастайынан спортпен айналысушылар қатары көп екен. Онысын олар әріптестеріне мақтаныш білдіре әңгіме етіп, тәжірибелерімен бөлісті.
Аудандық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Р.Төлегенова өз сөзін денсаулықты нығайту мен сақтау, түрлі дерттердің алдын алудың бірден-бір жолы-зиянды әдеттерден аулақ болып, салауатты өмір салтын қолдап, түрлі медициналық тексерулерден өту екендігінен бастады. Аурушаңдықты, мерзімінен бұрын еңбекке жарамсыздықты, өлімді тездететін 7 қауіптің алдын алуға шақырды.
Дәрігерлер көпшілікті темекі шегу, алкоголь сусындарын ішу, қан қысымының көтерілуі, қандағы холестерин мөлшерінің өсуі, денедегі артық салмақ, ағзаға көкөністер мен жемістердің жетіспеуі, аз қозғалу сынды қауіптермен таныстырды. Бұл жолды таңдамағандардың арасында аурушаңдық пен өлімнің көп кездесетіндігіне дәрігерлер бірнеше мысалдар келтірді. Дүниежүзілік денсаулық күніне арналған «Қарттардың денсаулық мектебінде» дәрігерлер үлкендердің ұсыныс-пікірлерін тыңдай отыра, өздері де көптеген жайларды сөз етті. Облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының аудандық филиалының дәрігері К.Ермұқанова денешынықтыру, дұрыс тамақтану, жеке гигиенаны сақтаудың талаптарын түсіндіріп, қарапайым қимылдарымен көрсетті.
- Денсаулық мектебінің арқасында сырқаттарды дер кезінде анықтап, оның алдын алудың мүмкіндігі туады. Көбіне ауру-сырқау мен өлім-жітімнің негізгі себепшісі созылмалы жұқпалы аурулар емес. Көптеген қауіп-қатер адамның мінез-құлқынан, өмір сүру салтынан пайда болады. Аурудың деңгейін дәрілік емдер ғана емес, салауатты өмір салтын ұстану арқылы да қол жеткізуге болады,-деді Күләш Рау-шанқызы.
Сондықтан да ауданда «Денсаулық», «Қарттар мектебі», «Қант диабеті», «Жүрек қан тамырлары», «Жас аналарды дайындау», «Жас аналар» мектептері ашылып, жұмыс істеуде. Сондай-ақ «Отбасын жоспарлау» бөлмесі ашылып, белсене жұмысын жүргізуде. Осы бағытта, әсіресе, жастардың арасындағы қауіпті мінез-құлық факторларының алдын алу мақсатында көптеген жұмыстар қолға алынып отыр.
Денсаулық бағдарламасы әрқайсысы 1,45 минуттық жеті сабақтан тұрады. Дәрігерлермен пікірлесе отырып, адамдар өздерін мазалаған сауалдарға жауап алады. Сонымен қатар бұл сабақтардағы сұрақ пен жауаптар құпия сақталатындығын да білу керек. Ал мұның бәрі жиналып келіп, адам бойындағы аурудың алдын алып, салауатты өмір дағдысын қалыптастыруға негіз қалайды. Сондықтан да әрбір адам денсаулық мектебіне келіп, медициналық, психологиялық көмек алып жүруі тиіс. Ол өзіне пайдалы.
«Қарттар мектебінің» кезекті сабағына қатынасушыларды қызықтырған бір фактор-аудан халқының 4,6 пайызын-60-69;3,3 пайызын-70-79;1,11 пайызын-80-89 жас арасындағылар құрайтындығы болған шығар. Ал 90-ды еңсерген ауданда 25 адам бар болып шықты. Алдағы уақытта мұндай егде жастағылар қатары көбейсе, Елбасы қойған орташа жастың едәуір өсуіне қол жеткізеріміз анық.
Кезекті сабаққа жас дәрігерлер Б.Аймағамбетова мен Ә.Рахымбергенова да қатынасып, өздерін таныстырып қоймай өз салалары бойынша кеңестер берді. Денсаулық сабағына қатынасқан ардагерлер арасынан С.Шопанов өзінің салауатты өмір салтын ұстануы арқылы қол жеткізген жетістіктерін әңгімелеп, бұл тұрғыдағы тәжірибесін ортаға салды. Ал зейнеткер М.Мүкиев жедел жәрдем шақыра қалған жағдайда телефонның аржағынан түрлі сауалдар қойып, міз бақпай отырып алудың жай-жапсарын сұрады. Атақты малшы К.Есқайыров болса, салауатты өмір салтын ұстанып, үнемі жаяу жүріп, өзінің салмағы тұрақты 55 кг-нан аспауын қатты қадағалайтынын әңгімеледі. Алқа мүшесі М.Елеуов осындай «Қарттардың денсаулығы мектебінің» елді мекендерде де ашылып, белсене жұмыс істеуін, Есболда да осындай үлкен шара өткізуге ұсыныс берді. Жалпы дәрігерлер мен үлкендердің байланысын нығайтатын осындай мектептер белсене жұмыс істеген жағдайда емделуші мен ем берушінің арасында реніш-өкпенің аз болатындығы айқын. Сондықтан да қарттар осы шараға белсене қатынасулары арқылы соны тағы бір дәлелдеді.
Соңында ардагерлер кеңесінің төрағасы Ө.Нұриев қарттар денсаулығына алаңдаған дәрігерлерге алғыс айтып, салауатты өмір салтын ұстану мен насихаттау тек спортпен келмейтіндігін, ол өнерге, танымға, демалысты мәнді ұйымдастыра білуге де қатысты екендігін айтып, алда жоспарланып отырған шараларға белсене қатынасуға шақырды.