Анкета

Пройти анкетирование

После заполнения анкетных данных, просим направить по адресу:

inder_crb@mail.ru

Баннерлер

Антикоррупционная служба

Атырау қаласының №7 емхана базасында өтініштер мен ұсыныстар қабылдайтың бірыңғай Call - орталығы жұмыс жасайды. Call- орталығының телефоны 8 (7122) 98-02-92.

Колл-центр

k-vrachu.kz

Ақ халаттылар ардақталған күн

2014-06-13 16:10:00

P1700931.JPG
P1700924.JPG
P1700959.JPG
P1700976.JPG
P1700920.JPG
P1700932.JPG
P1700967.JPG
P1700971.JPG

Мансап пен қызмет, атақ пен байлық дәрігер үшін құнсыз дүниелер. Дәрігерге ең қажетті құндылық-адамның денсаулығы мен оның тағдыры. Науқас адам жанына дәру іздеп, дәрігерге барары хақ. Үмітке үміт жалғап, ғұмырдың ұзақтығын сабақтастырып жататын да ақ халатты абзал жандар.

Міне, осы мәртебелі міндетті мінсіз атқару жолында аянбай қызмет етуге бекінген дәрігерлер өздерінің төл мерекелерінде құрмет төрінен орын алды.

«Борат» мәдениет үйінде өткен салтанатты жиналыста аудан әкімі Серік Арыстан  құттықтау сөз сөйледі.

-Сіздерді төл мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Ел үшін жасалар игілікті істердің бастауында халықтың алғысына бөленіп, береке-бірлікке кенеліп, жанұя шаттығын, ұрпақ қызығын көре беріңіздер.

Ежелгі ғасырлардан бері дәрігерлік қызмет-адамгершілікті ту еткен абыройлы кәсіп. Қандай қиын сәттер мен ауыр жағдайларда дәрігерлер мен мейірбикелер  адам жанына араша түсіп, дертіне дауа іздеп,  халық денсаулығы үшін қажымай-талмай қызмет етіп келеді.

Мемлекет басшысының Жолдауда белгіленген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында мемлекет тарапынан денсаулық сақтау саласына қолдау көрсетіліп келеді. Елімізде жаңа медициналық нысандар салу, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жаңа қарқын алса, ауданымыз бойынша да салаға жеткілікті деңгейде қолдау білдіріліп, көмек көрсетіліп келеді. 2009-2013 жылдары «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша 11 жас маман жолдамамен келсе, осы жылдары жалпы саны 22 маман әлеуметтік қолдау шараларына ие болды. Оның ішінде 11 маман бюджеттік несие және біржолғы көтерме жәрдемақысын алды. Бұған қоса облыс әкімі Б.Ізмұхамбетовтің тікелей тапсырмасымен құрылысы басталған тәулігіне 100 келушіге арналған емхана, Жарсуат және Бөдене ауылдарынан дәрігер мамандарға арналып салынатын тұрғын үй, бұның бәрі атқарушы органның салаға жасап отырған қолдауының көрінісі.

Ақ халатты абзал жандар әр науқастың жанына желеу болып, ауруға қарсы тұрып, саулығын қалыптастырып қана қоймай, адам бойына өмірлік күш-қуат беріп, жігерін жандыру, дәрігерлік қызметпен бірге астасып жататын қастерлі қасиет. Сіздердің қай кезде де ғажайып туғыза білген мейірімді жүректеріңіз бен епті қолдарыңыз адамзаттың көкейіне сенімділік ұялатады. Игілікті еңбектеріңіз, өз кәсіптеріңізге деген адалдық, аудан азаматтарының денсаулығы жолындағы қызметтеріңіздің бүгінгі заман талабынан шыға білуі – ел дамуына қосар елеулі үлес болары сөзсіз.

Тәуелсіз ел болғалы кемдігіміз толып, кемелімізден асып жатырмыз. Әр халықты, әр мемлекеттің дамуында алтын дәуір болады. Қазақ елі қазір осындай «Алтын дәуірді» бастан кешіп отыр. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев: «Бақыт – бағасын білгеннің ғана басында тұрады»,-дегендей, қол жеткен табыстарымызды бағалап, мәңгілік ел идеясын мәңгілік ету үшін халықтың денсаулығы ең басты кезекте тұрғанын білгеніміз абзал.

Қымбатты медицина саласының қызметкерлері, сала ардагерлері! Қиындығы мен қызығы қатар жүретін еңбектеріңізге абырой, биік  бедел тілеймін. Отбастарыңыз аман, бейбіт күніміз мәңгілік болсын!-деп аудан басшысы өздерінің еселі еңбектерімен көрінген бір топ дәрігерлерге Алғыс хат табыс етті. Олардың қатарында аудандық аурухананың терапевт дәрігері Айгүл Бахитова, Есбол дәрігерлік амбулаториясының жалпы тәжірибелік ембикесі Қымбат Кариева, аудандық емхананың аға ембикесі Гүлзада Мажитова, кіші буын қызметкері Ғалия Махимова бар. Ауданның Құрмет грамотасына Есбол дәрігерлік амбулаториясының жалпы тәжірибелік ембикесі Мәрзия Жүнісбекова, аудандық емхананың жалпы тәжірибелік дәрігері Қайыржан Таудаев бар.

Сондай-ақ жолдамамен ауданға келген жас мамандар пәтерлі болды. Ақ халаттылардың қатарын толықтырған емхананың эндокринолог дәрігері Әсел Рахманбергенова мен аудандық аурухананың дәрігер-анестезиолог Самат Ғазизовтар үшін бұл күн есте қалары сөзсіз. Өйткені, олар пәтер кілті мен ордерін аудан әкімінің қолынан алды. Осы арада аудан әкімі Серік Арыстан күні бүгін ауданға қажетті мамандар үшін, оның ішінде дәрігерлер үшін кезектен тыс пәтер беріліп отыр. Ендеше, оның қайтарымы болуы тиіс. Ол-мінсіз еңбек. Жатпай-тұрмай халық саулығы үшін қызмет ету екенін айта келе, еңбектеріне табыс тіледі. Жалпы бұл салаға 14 маман қажет екен.

Аудандық мәслихаттың хатшысы Бағдат Сапаров депутаттар корпусының атынан құттықтап, облыстық мәслихаттың Алғыс хатын аудандық тұтынушылар құқығын қорғау басқармасының маманы Шолпан Досановаға, басқарма басшысы Шолпан Ержанова мен орталық аурухананың акушері Ақжайық Ермұхамбетоваға аудандық мәслихаттың Құрмет грамотасын табыс етті.

Аудандық орталықтандырылған аурухананың бас дәрігері Анар Доспаева саланың өткен жылдары атқарған жұмыстары мен қол жеткен жетістіктері хақында хабарлама жасады.

-Салада қолға алынған реформаның бірі- «Саламатты Қазақстан» бағдарламасының аясында көптеген жұмыстар қолға алынуда. Аталмыш бағдарламаның нысаналы индикаторлары туу көрсеткішін ағымдағы жылдың 5 айында дүниеге келген 280 сәби, 9,0 промильді құрап отыр. Жалпы өлім көрсеткіші өткен жылдың 5 айында 83 адам өмірден өтіп, 2,6 промиль құрап, сәйкесінше кезеңде 0,4 промильге төмендеген. Халық саулығын жақсарту бағытында дәрігерлер  қалтқысыз қызмет етуге жұмыстана беретінін айта келе, осы салада еңбек еткен аға буын өкілдерінің есімін атап өтті. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының Алғыс хатын аудандық аурухана бас дәрігерінің емхана жөніндегі орынбасары Күләш Қаражановаға,  дәрігер неонатолог, бала реаниматологі Эльмира Ғабдысаламоваға, Рая Мұқановаға табыс етті. Сондай-ақ аудандық аурухананың Алғыс хатымен бір топ қызметкерлер марапатталды.

Бұдан соң аудандық тұтынушылар құқығын қорғау басқармасының басшысы Шолпан Ержанова құттықтап, облыстық салалық басқарманың Алғыс хатын  бір топ әріптестеріне табыстады.

Бұл күні ұзақ жылдар осы салада жемісті еңбек еткен терапевт дәрігер Гүлсім Есқалиева, аурухана ембикесі Айсұлу Ізбасарова мен аудандық тұтынушылар құқығын қорғау басқармасына басшылық етіп, кейін облыстық туберкулезге қарсы күрес ауруханасында жұмысын жалғастырған Сәуірбай Қыдыров зейнеткерлік демалысқа шығып, оларға ескерткіш сыйлық ұсынылды.

Салтанатты жиын соңы медицина қызметкерлерінің дайындаған мәдени-көпшілік шарасына ұласып, ән әуелеп, мың бұрала би биленіп, сықақтық қойылымдардан көрініс көрсетілді.